Енді коллекторларға төлем мерзімі өткен кредиттер берілмейді: ҚР ЕДБ кредиттік портфелінің сапасы төмендеп барады

Бұл орайда бір ғана ірі банк кредиттік портфелін өсіре алды әрі төлем мерзімі өткен қарыздарының көлемін қысқартты

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап 2026 жылдың 1 мамырына дейін Қазақстанда банктердің коллекторлық агенттіктерге проблемалық тұтынушылық қарыздарын беруіне тыйым салынды. Бұған дейін ҚР ЕДБ-ның проблемалық қарыздарды коллекторларға сатып, төлем мерзімі 90 күннен астам өтіп кеткен кредиттерінен (NPL 90+) құтылып отырғаны құпия емес. Осындай мораторий енгізілгеннен кейін NPL көлемі қалай өзгерді? Біз еліміздегі үздік кредитор банктердегі жағдайға шолу жасадық.

Қазақстандағы ірі ЕДБ арасында мораторий енгізілген сәттен бастап (яғни 1 шілдеден 1 қарашаға дейін) NPL 90+ көлемін тек екі банк қысқарта алды, ал қарастырылып отырған кезеңде несие портфелін олардың біреуі ғана ұлғайтты.

Үздік көрсеткіштер ForteBank-те байқалды: проблемалық қарыздарды коллекторларға сатуға тыйым салу банкке төлем мерзімі 90 күннен астам өтіп кеткен «нашар» кредиттердің көлемін бірден 8,4%-ға, 52,4 млрд теңгеге дейін (несие портфелінің тек 2,9%-ы) қысқартуға кедергі келтірмеді, шектеулер енгізілген сәтте бұл көрсеткіш 3,4%-ға тең болды. Бұл ҚР ЕДБ арасында несие портфелінің сапасы бойынша ең үздік көрсеткіштердің бірі болып саналады. Айта кетерлігі, осы кезеңде банктің қарыздар портфелінің өзі 5,7%-ға артып, 1,8 трлн теңгеге жетті.

Жалпы алғанда, ForteBank орнықты, консервативті кредиттік стратегиясымен ерекшеленеді. Банк портфелі жоғары сапалы активтерден құралады (бизнеске немесе халыққа берілетін кредиттер тұрғысынан да). 2022-2023 жылдары банк ресейлік ЕДБ нарықтан шыққаннан кейін ірі бизнес саласындағы сенімді клиенттерді, оның ішінде валюталық кірісі бар маңызды экспорттаушыларды өзіне тартып, айтарлықтай өсім көрсетті. Сонымен қатар, ForteBank «Даму» қорымен бірлесіп кәсіпкерлерді қолдайтын мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысады және секторда ШОБ-қа берілетін кредиттердің ең ауқымды портфельдерінің біріне ие, ал бұл қаржы институтының ел экономикасын кредиттеуге бағдарланғанын аңғартады.

Халыққа кредит беру саласында банк тек тұтынушылық қарыздарға ғана емес, мысалы, автокредиттерге де баса назар аударады. Демек, банктің кредиттік стратегиясы жоспарлы әрі сапалы, бірақ агрессивті емес өсімге негізділген.

Өз портфелін коллекторлардың есебінен тазаламай-ақ, NPL 90+ көлемін қысқарта алған екінші қаржы институты, ол — Jusan Bank: 1 шілдеден бастап 0,5%-ға, 106,2 млрд теңгеге дейін қысқартты. Бұл банктің несие портфелінің 8,3%-ын құрайды, мораторий енгізілген кезде 7,8%-ды, бір жыл бұрын 9,2%-ды құрады. Жалпы айтқанда, банк «Цеснабанк» пен «АТФБанктен» қалған «мұрадан» жоспарлы әрі сәтті түрде құтылып келеді. Алайда, қарастырылып отырған кезеңде Jusan Bank-тің несие портфелі 6,3%-ға қысқарды.

Осы орайда жақында Катардың Lesha Bank инвестициялық банкі сатып алған Bereke Bank-ті де атап өткен жөн: мұнда мораторий енгізілген сәттен бастап NPL 90+ көлемі іс жүзінде өзгерген жоқ (бар болғаны плюс 0,2%, 88,8 млрд теңгеге дейін, бұл банк портфелінің 6,4%-ын құрайды). Осы уақыт аралығында Bereke Bank-тің несие портфелі 5,2%-ға, 1,4 трлн теңгеге дейін қысқарды.

Тағы бір тоқтала кететін ірі кредит беруші банк, ол — Отбасы банкі: біз оны бұл жағдайда қарастырмаймыз, себебі банктің портфелі тұрақты түрде ұстап келе жатқан мінсіз сапасымен ерекшеленеді, ал NPL 90+ үлесі шамамен 0,1% деңгейінде қалып отыр. Бұл түсінікті жағдай, өйткені қаржы институты мемлекеттік бағдарламалар мен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында ипотекалық кредитке маманданған, бұл оның стратегиясы мен кредит беру саясатын автоматты түрде айқындайды деп айтуға болады.

Еліміздегі барлық басқа ірі кредитор банктерде NPL 90+ көлемінің айтарлықтай өсімі байқалады: Банк ЦентрКредит плюс 6,4% және одан жоғары көрсеткіш көрсетті. Толығырақ кестеде берілген.

Айта кетерлігі, орын алып отырған жағдайда кредиттердің жоғары сапасын сақтап қала алу өте маңызды фактор болып табылады.

Мәселен, мораторий енгізілгеннен кейін, ағымдағы жылдың тамыз айында ҚР банк секторы бойынша NPL 90+ жиынтық көлемі 2021 жылдың ортасынан бастап алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Барлық келесі айларда теріс көрсеткіш өсімін жалғастырып, 1 қарашаға қарай 1,1 трлн теңгеге немесе еліміздегі банктердің жиынтық несие портфелінің 3,3%-на жетті, бұл көрсеткіш шектеулер енгізілген кезде 3,1%-ға тең еді.

Әзірге мұндай төмен көрсеткіш қандай да бір алаңдаушылық туғызбайды, бірақ бүгінгі динамикаға сүйенсек, қазірдің өзінде сақ болған жөн және ҚР ЕДБ тарапынан қарыз беру қатаң бақылауға алынуы тиіс.

Начать дискуссию